Семейдегі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері: жастарға арналған тренингтер, ҮЕҰ-ға миллиондаған теңге
Абай облысының Семей қаласында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері өтіп жатыр.
Бірінші күні пікірталас жүргізу бойынша тренинг өткізіліп, оқушылар мен студенттерге Қордың білім беру жобалары таныстырылды.
Абай облысындағы Қор күндері аясындағы маңызды іс-шараның бірі өңірдегі ең белсенді ҮЕҰ-мен кездесу. Жүздесу аясында екі ҮЕҰ – «Исток» балалар мен жастардың шығармашылық орталығы» және әлеуметтік маңызы бар қызметпен айналысатын «Соцkz» қоғамдық қоры 2,5 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар табыс етті.
«Исток» аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешу жолында қызмет етеді.
«Соцkz» ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмектесіп, мұқтаж жандарды қолдауды іске асыру үшін еріктілерді біріктіреді.
Семейдегі Қор күндерінің маңызды бір бөлігі Семей қаласының перинаталдық орталығы жанындағы «Қамқорлық» оңалту орталығына (3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін) және №36 ОМ жанындағы инклюзияны қолдау кабинетіне (ИҚК) бару еді. Орталық жылына 600 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда церебральды сал ауруы, ми мен жұлынның туа біткен ақауы, нейроинфекциясы бар балаларға арналған оңалту қызметін көрсетеді.
Мектептің ИҚК-де ерекше қажеттілігі бар 10 балаға көмек көрсетіп, ертіп жүреді. ИҚК-де олар балалардың білім алуына, құрдастарымен бірге оқуға көмектеседі. Кабинет арнайы жиһазбен, жеке және кіші топтық сабақтарға арналған аймақтармен, мұғалімнің жұмыс бөлігімен жабдықталған.
«Қордың басты міндеті – талантты жастарды қолдау. Сонымен қатар, біз Samruk-Kazyna Trust қорымен және Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 15 оңалту орталығы, 7 ерте араласу орталығы және 16 ИҚК ашылды. Биыл тағы 6 оңалту орталығы, 13 ерте араласу орталығы, аутизмі бар балаларға арналған 8 орталық ашылады. Мұның бәрі ерекше қажеттілігі бар мыңдаған балаға қызмет көрсетуге жол ашады. Бұл ауқымды әрі маңызды шаруа!», - деді оңалту орталығына барған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Семей қаласының №4 орта мектебінде өткізілген оқытушыларға арналған спорттық робототехника бойынша оқыту курсы да үлкен қызығушылық тудырды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Роботек» робототехника мектебінің Ozyq Urpaq жобасы аясында өткізілді. Айта кетейік, жаңа жоба оқушылардың робототехника жасауға, бағдарламалауға қызығушылығын арттыруға, дарынды балаларды анықтауға, озық білім трансферіне және оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға бағытталған. Жоба алғаш рет Жезқазған және Семей қалаларында жүзеге асырылып, 500-ге жуық оқушыны қамтыды.
Студенттер мен оқушылар үшін Оксана Әубәкірованың шеберлік дәрісі өтті. Ол тәжірибелі медиа менеджер, тележүргізуші және PR маманы. Ұзақ жыл бойы Елорданың түрлі ірі ұйымдарының баспасөз қызметін басқарды. Дәріс барысында БАҚ үшін материалдарды кәсіби түрде дайындау, әлеуметтік желілерде материалды тарату ерекшеліктері және т.б. туралы сөз болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жобалары туралы fnn.kz сайтынан толығырақ біле аласыздар.